Жылқыбай Жүсіпов 1933 жылы Павлодар облысының Үрлітөбе қазіргі Железин ауданының Есқара ауылында дүниеге келген. 1957 жылдан «Озерный» кеңшарында тракторист-комбайнер жұмыс істеді. Ауыл шаруашылық техникасын жете меңгерген ол кеңшардағы техниканың үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етті.

Жылқыбай Жүсіпов жылдан жылға трактор мен комбайндегі жұмыс өнімдігін мөлшерінен артық орындап жүрді. 1967 жылы 19 сәуірде астық өндіру және дайындауды арттырудағы жетістіктері үшін КСРО Жоғары Кеңес Президиумының шешімімен Жылқыбай Жүсіповке «Социалистік еңбек ері» атағы және «Ленин» ордені мен «Серп и молот» медалі табысталды. Сонымен бірге ол «Тың және тыңайған жерлерге 25 жыл» медалімен мараппаталды.



Бұл атақты ол Железин ауданының тұрғындары ішінде алғашқы болып иеленді. Еңбек жетістіктерін еске алған митингіге қатысушылар, бірінші кезекте, Жылқыбай Жүсіповтің еңбекқорлығы мен өз ісіне деген адалдығын ерекше атады. «Озерный» кеңшарының бұрынғы директоры Ермек Нығмановтың айтуынша, Жылқыбай Жүсіповтің жұмысқа деген тиянақтылығы соншалықты, ол егін орағы кезінде үйде қонбай түні бойы еңбектенуден тайынбаған.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Марат Асылханов Жылқыбай Жүсіповтің облыстың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

- Бүгін Жылқыбай Жүсіпов туралы жақсы сөздер көп айтылды, ол сол айтылған мадақтаулардың бәріне лайық, - деді Марат Асылханов. – Бұл адам күнделікті еңбегімен қоғамға пайда әкеліп, айналасындағыларға мейірім төкті. Жылқыбай Жүсіпов жақында ашылатын облыс ауыл шаруашылығының мұражайында ең маңызды орыннан табылатын болады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Жылқыбай Жүсіпов, ескерткіш тақта, Социалистік еңбек ері