Биыл Хамза Махамбетұлына көзі тірісінде 95 жасқа толатын еді.

Мемориалды тақтаны ашуға арналған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аймақтық телеарнаның дамуына Хамза Тоқпановтың зор үлес қосқанын атап өтті.

- Хамза Махамбетұлы 1963-1986 жылдар аралығында Павлодар облыстық атқарушы комитеті телерадиотарату жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет еткен, - деді Мейрам Бегентаев. – Оның бастамасымен қазақ тілінде хабар тарату көлемі күрт артып, кәсіби мамандардың  қатары көбейді. Бастысы, бүкіл Павлодар облысы бойынша ақпарат таратумен қамтамасыз етілді. Хамза Тоқпанов республикада құрметке ие азамат болған және павлодарлық белгілі саңлақтардың арасында лайықты орын алған.

Өз естеліктерімен Хамза Тоқпановтың қызы Майра Хамзақызы бөлісті.



- Біздің әкеміздің есімі мәңгі есте қалатындай іс жасалып отырғанына өте қуаныштымыз, - дейді Майра Хамзақызы. – Бұл отбасы үшін үлкен мереке. Әкеміз облыстық телеарнаның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оның еліміздің алғашқылардың бірі болып түрлі-түсті нұсқада хабар таратуына күш салды. Бүгінгі шара үшін билік басындағы азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді.

Бұдан кейін облыстық телеарна саласының ардагерлерін құрметтеу рәсімі өтті. Павлодар телеарнасының бастауында тұрған жандар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Ертіс» арнасының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

- Сол жылдары облыстық телеарнада жұмыс істеген ардагерлерді есте сақтау біздің парызымыз, - дейді «Ертіс» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішева. – Олар дана әрі кәсіби білікті, өз ісінің нағыз майталмандары. Керемет режиссерлар мен белгілі журналистер. Көпшілігі Хамза Махамбетұлының әріптестері болған. Ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында біздің телеарна бүгінде Павлодар облысындағы БАҚ арасында бірінші орын алады.

Томирис Бекжан

Фото: Дархан Өмірзақов

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, БАҚ, мемориалды тақты, рухани