Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Гүлсара Кокинаның айтуынша, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, цифрландыру заманы болғандықтан, интернет жүйесінде латын әліпбиі үстемдік етеді. Қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатын болашақ үшін маңызды. Қоғамға, әсіресе, жастар жаңа әліпби арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізеді.  

–   «Латынша жазамыз» акциясы  аясында кез келген адам латын әліпбиінде жазу сауаттылығын тексерді, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Марат Төлендинов. – Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. 16-50 жас аралығындағы жастар мен ересектер диктант жазды. Акцияның қорытындысы бойынша ең үздік танылғандар желтоқсан айында марапатталады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру шеңберінде елімізде 2025 жылға дейін латын графикасын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген.  

Аталған шараның мақсаты –  қоғамның жаңа талабына сай сауатты болудың маңыздылығына назар аударту, латын әліпбиін енгізу туралы халықты ақпараттандыру деңгейін және жаңа әліпбиге бейімделуді арттыру.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, латын графикасы