Бұл туралы қалалық тілдерді дамыту секторы мәлім етті.

- Әдеби кешке жазушылар, ғалымдар және қаланың зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының, колледждер мен лицейлердің студенттері, оқытушылары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты, - деді тілдерді дамыту секторында. – Кеш басында Оралхан Бөкей туралы cлайд-тұсаукесер көрсетілді. Одан әрі кеш қонақтары «О. Бөкей шығармаларындағы туған жер тақырыбы», «Туыстықты ту еткен» («Апамның астауы» әңгімесі бойынша), «О. Бөкей шығармаларының көркемдік идеясы», «Оралхан Бөкей бейнесі», «Оралхан оралымдары», «Қазіргі қазақ романдарының Оралхан Бөкей шығармашылығымен үндестігі», «О. Бөкей шығармаларының тіл көркемдігі», «Мен көрген Оралхан...» деген тақырыптарға баяндама жасады.

Баяндамалар арасында арнайы музыкалық нөмірлермен И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының дәстүрлі әншілері Нұржан Сарқамбаев пен Әсел Ботаева және арнайы өлеңдерімен ПМПУ колледжінің 1 курс студенті Байтұрсын Жұмабай, № 19 мектептің 3-сынып оқушысы Әділет Айтжанов өнер көрсетті.

Кеш соңында қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласып, халқымыздың шұрайлы тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін ұлықтап, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілдің өркендеуіне қосқан үлестері үшін жазушылар, ғалымдар және қаланың зиялы қауым өкілдері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам