Бұл туралы ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай мәлім етті.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Павлодар облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған іріктеу сайысына биылғы жылы әуесқой және кәсіби деңгейде спортпен айналысып жүрген азаматтар қатысты, - деді Амантай Тойшыбай. – Облысымызға қарасты әр қала, аудан мешіттері атынан екі үміткерден 22 палуан күш сынады. Тартысқа толы өрбіген белдесулерде орын алған даулы жағдайлар телекамералардың көмегімен шешіліп отырды.

Сайыс басталар алдында өкіл имам Жолдас Қоспақұлы Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов пен Екібастұз мешітінің бас имамына, имамның көмекшілеріне алғыс білдірді. Сайыстың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жиналған қауымға бұл сайыстың мән-мағынасы туралы жеткізді. Күрес – ол Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті, сауапты іс екендігін түсіндіріп, палуандарға сәттілік тіледі. Мешіт жамағаты, ақсақал Болат қажы атамыз палуандарға батасын беріп, Алла Тағаладан күрестің сәтті өтуін тіледі.

Турнир қорытындысы бойынша бас жүлде - республикалық турнирге жолдама мен арнайы медаль, 150 мың теңгелік ақшалай сыйлықты Павлодар қаласы Мәшһүр Жүсіп мешітінің атынан шыққан палуан Самир Мамедов қанжығасына байлады. Екінші орын, арнайы медаль мен 100 мың теңгелік жүлдені Екібастұз мешітінің палуаны Ислам Махамбетов еншіледі. Ал жүлделі үшінші орын және арнайы медаль мен 50 мың теңге Павлодар қалалық Ақмешіт мешітінің палуаны Еркебұлан Егінбаевқа бұйырды.

Айта кетейік, жүлделі орындардан көрінген екі балуанға Астана қаласының 20 жылдығына орай 28 қазанда өтетін республикалық V турнирге жолдама берілді.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, спорт, палуан