Instagram желісіндегі kolesa_pavlodara парақшасында орналастырылған бейнероликте аталған көпірден өту арқылы жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жүрген көліктер түсірілген. Видеоның авторы мұның қаншалықты заңға сәйкестігі жөнінде өз ойын жазады. Ал пост астында машиналардың жаяу жүргіншілерге арналған көпірден өтпеуі керек деген пікірлер айтылуда. Автокөлік иелері болса жаңа автомобиль көпірінің жөнделіп жатқанына байланысты көпірді пайдалануға мәжбүр екеніндерін айтып ақталған.

Облыстық ІІД ұсынған ақпаратқа сүйенсек, былтыр жаяу жүргіншілерге арналған көпір алдында бетон блоктар тұрған еді. Алайда бұл медициналық жедел жәрдем, патрульдік көліктер мен бұл аумақты тазалайтын машиналардың жүріп-тұруына кедергі келтірген. Сондықтан блоктар алынып тасталып, «Жүруге тиым салынған» белгісі орнатылды.

- Жол белгілері, оның ішінде жол жүру ережелерінің 3.2 т. «Жүруге тыйым салынған» тыйым салу белгісінің көздейтін талаптарды орындамаған тұлға үш айлық есептік көрсеткіш – 7215 теңге әкімшілік айыппұл төлейді, - дейді ІІД баспасөз қызметінің өкілі Сәуле Мұсинова.

Еске сала кетейік, жаңа көпір былтыр қараша айында ашылып, көктемдегі судың тасуы салдарынан көпірге апаратын жол шайылып кеткен. Бұдан кейін нысан жөндеуге жабылған болатын.

- Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Арман Құсайынов. – Асфальт, бетон төсеу, дренаждық және нөсерлеткіш жүйелері мен оқшаулауды орнаттық. Ауа райына байланысты жұмыстар жалғасуда. Айдың соңына дейін көпірді ашуды жоспарлап отырмыз.

Арслан Ғалымбек

Фото: Yvision.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Усолка, көпір, Instagram, ТҮКШ