Төлеген Ташмағамбетов өңірлік мемлекеттік кіріс департаментінде министрліктің аумақтық құрылымдық бөлімшелері өкілдерімен кездесу өткізді.

Ол Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға күш жұмсап жатқандығын атап өтті.

Спикердің айтуынша, кейбір ведомстволар басшылары мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтау керектігін әлі күнге дейін жете түсінбеген.

- Кейбір өңірлерде жеке қабылдаулар өткізгенімде сіздердің қоластыңыздағы қызметкерлер әдеп нормалары неліктен басшыларға қатысты қолданылмайтынын айтып наразылық танытты. Олардың тұрмысын, қандай машиналарды мінетіндерін көріп жүрміз. Міне, осы мәселе мемлекеттік қызметшілерді толғандыруда. Сондықтан әдеп нормаларын сақтау, бірінші кезекте сіздерден басталуы керек, - деп атады Төлеген Ташмағамбетов.

Астанадан келген мейман қатысушыларға жалпыға ортақ қызметтік әдеп ережелерін еске салып өтті. Олардың арасында «Өз сөзіңе бекем бол», «Жоқ» деп айтуды үйрен», «Қоластыңдағы қызметкердің шаруасына қажетсіз араласпа», «Дауысыңды көтерме – айқайлаған адамды есту қиын» және басқа қағидалар айтылды.

Кездесу соңында министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі жиналғандардың сауалдарына жауап берді.

Облыс бойынша ішкі аудит департаментінің басшысы Аңсар Қабиевті мемлекеттік қызметшіге қатысты моральдік қысымнан қалай қорғану болатындығы қызықтырды.

- Бірінші кезекте, негізсіз қысымнан сот арқылы қорғануға болады, - дейді Төлеген Ташмағамбетов. – Екіншіден, Алматы қалалық мемлекеттік кіріс комитетінің тәжірибесімен бөліскім келеді. Онда салық төлеушілермен жұмыс жасау бөлімінде дыбысты жазатын бейнекамералар орнатылған. Соның көмегімен қызметкерге қатысты зәбір көрсету фактісі тіркеліп, іс сотқа дейін жеткізілді.

Айта кетейік, жұмыс сапары кезінде Төлеген Ташмағамбетов Ақсу қаласы, Павлодар мен Май аудандарына сапар шегеді.

Айбек Жұматов

Фото: облыстық мемлекеттік кіріс департаменті

pavlodarnews.kz

Тэги: сыбайлас жемқорлық, Қаржы министрлігі, әдеп жөніндегі уәкіл