Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Бірінші таймда-ақ 2:0 есебімен алға шыққан Станимир Стойловтың шәкірттері кездесудің екінші кезеңінде де басымдылықтарын көрсете білді. Әсіресе, команда капитаны Бауыржан Исламхан әріптестерінің шабуылын ұйымдастыра білетін айрықша қабілет-өнерімен көрінді.

61-минутта Б.Исламханның сол қанаттан бағыттаған добын Жозеп Гомес қақшып алам деп, өз қақпасына өткізіп алды - автогол. Жеті минуттан кейін С.Мұжықовқа қарсы дөрекі ойнаған Жорди Алаэс алаңнан қуылды.

72-минутта барынша тер төккен Бақтиер Зайнутдиновтың орнына Роман Муртазаев шықты. Екі минуттан кейін сол қапталдан Ғафуржан Сүйімбаевтан пас алған Р.Муртазаев баспен қақпа тоғыздығын дәл көздеді - 4:0.

77-минутта көрермендер қошеметіне ие болған Е.Сейдахметті Максим Федин, сосын бұл ойында ерекше көзге түскен тағы бір футболшы Ғ.Сүйімбаевты Ян Вороговский алмастырды.

Бұдан кейін қазақстандықтардың есепті еселей түсетіндей мүмкіндіктері болды. Андорралықтар да ойыншыларын «жаңалағанмен», одан ештеңе өнбеді.

Осылайша Қазақстан құрамасы Андорраны 4:0 есебімен тас-талқан етті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Андорраны бірінші таймнан кейін 2:0 есебімен ұтып жатқанын жазған болатынбыз. Осы жеңістен соң қазақстандықтар өз тобында 5 ұпаймен екінші орынға шықты. Алайда Д дивизионының бірінші тобында 9 ұпаймен алда келе жатқан Грузия құрамасы бүгін түнде Латвияны тізе бүктірсе, қалған кездесулердің нәтижесіне қарамастан, күні бұрын жеңімпаз атанады.

pavlodarnews.kz

Тэги: