Бұл туралы Ақсу қаласы жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнар Асылбекова мәлім етті.

– Оның ішінде 80 адамнан тұратын 17 оралмандар отбасы мен 75 адамнан тұратын 19 қоныс аударушы отбасы бар, - дейді Гүлнар Асылбекова. - Қандастарымыздың ішінде екі отбасы Өзбекстан, 13 отбасы Моңғолия, бір адам Ресей, екі отбасы Қытай елдерінен оралды. Олар Ақсу қаласында, Достық, Қалқаман, Евгеньевка және Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық аймақтарға қоныстанған. Сондай-ақ, 11 отбасы Алматы, бес отбасы Түркістан, екі отбасы Жамбыл, бір отбасы Қызылорда және бір адам Маңғыстау облыстарынан келген.

Бөлім басшысының айтуынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушылардың барлығына мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Мәселен, екі адам жаңа бизнес жоспарын іске асыру үшін 100 АЕК көлемінде грант алған болса, бір адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстан өткен. Биыл тағы бес адам курсқа қатысуға ниет білдірген.

Оралмандар мен қоныс аударушылардың ішінен бес отбасы тұрғын үйге қол жеткізген, бір отбасы коммуналдық, 25-і арендалық, екі отбасы мен үш жалғызбасты адам жұмыс берушінің есебінен ұсынылған баспанада тұрып жатыр.

М.Омаров атындағы ауылда биыл «Үй жәннат Агро» ЖШС-мен еліміздің жұмыс күші төмен өңірлерден келген сегіз отбасы қоныс аударған. Олардың ішінде бес адам өңірлік квотаға енгізіліп, аталмыш серіктестікке жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда серіктестік басшылығы бес млн теңге субсидия алу үшін құжаттар дайындауда.

- Бұл азаматтардың барлығына мемлекет тарапынан жолақы, баспана жалдап тұру, коммуналдық шығындарға қаражат төленді, - дейді Гүлнар Асылбекова. - Орталық өкілдері мен ауылдық аумақтардың әкімдері Алматы, Түркістан облыстарында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Бұдан бөлек, биыл өңірлік квотаға «Серпін» бағдарламасы бойынша бір адам қосылды. Осы жоба бойынша оқуын аяқтаған екі түлек жұмысқа орналасуда.

Айта кетейік, қоныс аударушылар отбасын қабылдау өңірлік квотасын орындау бойынша аймақта 126 пайызбен Ақсу қаласы бірінші орында келеді. Екінші орында 90 пайыз көрсеткішпен Успен ауданы тұрса, 81 пайызға жеткізген Екібастұз үздік үштікті аяқтайды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: «Еңбек» бағдарламасы, қоныс аударушылар, оралмандар