Жиын барысында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысының Жолдауындағы мақсаттар мен міндеттер талқыланды. Министрліктен келген мейман аграрлық саланың мәселелері туралы көбірек сөз қозғады.



- Қолдағы деректерге сүйенсек, бүгінде агроөндіріс кешенінде қаржыландыру жетіспей жатқанын көріп отырмыз, - дейді Асылжан Мамытбеков. – Бұл жағдайда біз бірқатар нақты іс-шаралар жоспарын құрдық.

АШМ жауапты хатшысының айтуынша, бірінші кезекте пайыздық ставкалар мен лизингті қаржыландыру бойынша бағдарламалар қалпына келтіріледі. Биылдан бастап өткен төрт жыл ішінде банктен қарыз алған шаруалардың несиелері субсидияландырылады. Осылайша, ауыл шаруашылық техникасын алған фермерлер несиесінің он пайыз, айналымдық несие алған шаруалар қарызының бес пайызы қаржыландырылады.

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат мөлшері әрі қарай арта түседі. Биылғы субсидиялардың көлемі 225 миллиард теңге болса, Президент бұл сомаға тағы 100 миллиард теңге қосуды тапсырды.

Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар түрлерін азайтуды ойластыруда. Мәселен, қазіргі кезде берілетін 54 қаржыландыру түрінің болашақта 34-і ғана қалдырылады.


- Бюджетті соза беруге болмайтынын ескеру керек, - деп атады Асылжан Мамытбеков. – Субсидияны неғұрлым көбірек берсек, шаруалар соғұрлым жұмысын әлсірететінін мойындауымыз керек. Ірі қара малдың голштин-фриз тұқымы Еуропада тоғыз-он мың литр сүт береді. Ал бізге жеткізілгеннен кейін өнімділігі күрт төмендеп, небары жеті, тіпті алты мың литр сүт береді.

Асылжан Мамытбековтың айтуынша, мемлекет кірістің жетпей тұрған бөлігін өтейтінін білген шаруалар өз ісін әрі қарай жетілдіруге құлықсыздық танытып отыр.

- Ірі қараның бұл тұқымынан 12 мың литр сүт алу үшін барынша күш қалу керек. Ветеринарлық, жем-шөп, малды күтіп-баптау жұмыстарын күшейту қажет. Егер мемлекет кірістің жетпейтін бөлігін өтеп отырса, шаруа несіне қиналады?! – дейді Асылжан Мамытбеков.



Кездесу барысында қатысушыларға өз ойларын ортаға салу мүмкіндігі берілді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударған «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александр Касицын қалалықтарға қарағанда, ауыл тұрғындарының тұрмысына он есе аз көңіл бөлінетінен айтты.

- Біз қазір бірде-бір мемлекеттік бағдарламаға қатыспаймыз, - дейді Александр Касицын. – Еңбек өнімділігін арттыру туралы көп айтамыз. Алайда ол жұмысты істейтін адамдар туралы тіс жармаймыз. Меніңше, ауылдықтарға арналған бағдарлама қабылдау керек.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Жолдау, Асылжан Мамытбеков, ауыл шаруашылығы, субсидия