Оған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қатысып, ардагерлерді айтулы датамен құттықтады.

- Ең алдымен қасиетті Ертіс өңірінде ауған соғысына қатысқан біздің жерлестерімізді еске алуға үлес қосқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын, - деді Болат Бақауов. – Бүгін ауған жерінде қаза тапқан 36 жерлес жауынгерімізге арналған аллеяны аштық. Сол соғыста жауынгерлер адам баласының басынан өткеруі мүмкін барлық қиындықты көрді. Ауыр сынақтан өтті. Ауған жеріндегі соғысқа облысымыздан 1098 адам шақырылды. Олар абыроймен өзінің борыштарын атқара білді. Әскери бауырластықтағы анттарына берік болды. Ерлерімізді тарих өз орындарына қояды. Барлықтарыңыз өз серттеріңізге берік болдыңыздар. Сіздер жастар үшін әрқашанда Отан алдында адал қызмет етуде үлгі бола білдіңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің жетекшілері бас қосқан шарада ардагерлердің мәселелері және олардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары талқыланды.

Ауған соғысы ардагерлерінің халықаралық «Жауынгерлік бауырластық» одағының атқарушы хатшысы, ресейлік Геннадий Шорохов аталмыш соғысқа Кеңес Одағынан барған 14 450 сарбаз еліне оралмағанын атап өтті.

- Сөзімді бастамас бұрын Қазақстан Республикасының президентіне Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетіп жатқан қамқорлығы және Ресей елімен қарым-қатынасты нығайтудағы үлесі үшін рахметімді айтамын, - деді Геннадий Шорохов. – Ауған жеріндегі әрекет - Кеңес әскерінің ұйымдасқан, жүйелі әрекетінің бірі болды. Әр сарбаздың амандығы жоғары бағаланды. Осы соғысқа қатысқан 86 адам «Кеңес Одағының батыры» атанды. Оған қоса, өз елдерінің батырлары атанғандар бар. Сондай-ақ 200 мыңнан астам сарбаздар мен офицерлер орден, медальдермен марапатталды. Құрметті ардагерлер, көбіміз қазір 60-70 жас шамасындамыз. Өскелең ұрпақ біздің әрекетіміздің ел, бүкіл әлем үшін маңызды болғанын білуі керек. Ауған соғысындағы біздің қимылдарымыз жөнінде тарихшылар көп жұмыс жасады. Соңғы жылдары 108 мың зерттеу жұмысы, 15 мың кітап жазылды. Интернет құралдарына 4 мыңнан астам мақала шықты. Ауған соғысының мән-маңызын жастардың санасына сіңіру үшін аталған жұмыстар жалғасын табуы тиіс.

Халықаралық конференция барысында облыс әкімі «Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің өмірінде белсенділік танытқаны және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлестері үшін аталмыш халықаралық одақтың төрағасы Борис Громовты және Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның, сондай-ақ еліміздегі облыстардың Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағаларын алғыс хаттар және естелік заттармен марапаттады.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, халықаралық конференция, Ауған соғысы ардагерлері, қоғам