Бұл туралы облыстық білім басқармасы мәлім етті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарының 79-қадамын жүзеге асыру мақсатында өткен дөңгелек үстелге физика, химия, биология, информатика, ағылшын тілінің мұғалімдері, мектеп басшылары және әдіскерлер қатысты. Жиында мақсатты пәндерді пәндік-тілдік кіріктіріп оқыту (CLIL) негізінде оқыту тәжірибесін жетілдіру, сабақтан тыс әрекеттер (элективтік курстар, факультативтер, клуб және үйірме жұмыстары, тәрбие жұмысы) жүйесін қамтамасыз ету арқылы мектептерде үштілді ортаны құру, сыртқы ресурстарды тарту қажет екендігін атап өтілді.

Мұғалімдердің тілдік құзыреттіліктерін жетілдіру үшін Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейлерінің мүмкіндіктерін пайдалану керектігі сөз болды.

Қатысушыларға өңіріміздің мектеп мұғалімдері оқыту кезінде қолданатын авторлық әдістемелік-дидактикалық құралдарын ұсынды. Барлық материалдар сараптамадан өтіп, ғалымдардың рецензияларына ие болған, сонымен қатар патенттелген.

Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша алдағы уақытта білім саласына арнайы ұсыныстар қабылданады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, білім