Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова мәлім етті.

- Біздің облыс тұрғындар туралы ақпараттарды өзектендіру бойынша елімізде Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарынан кейін 73,26 пайыз көрсеткішпен төртінші орында тұр, - дейді Хелуа Кәшкенова. - Республика бойынша орташа көрсеткіш 56,9 пайызды құрайды. Оның ішінде 32 694 мың адам мемлекеттік зейнетақы жарнасы төлей бастады, 211 адам жеке кәсібін ашты, 473 адам жұмыссыздар ретінде есепте тұр, 473 адам әлеуметтік көмек ала бастады, 173 адам бала күтімі бойынша декреттік демалыста, 609 адам – студент және 873 адам азаматтығын ауыстырған.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша төлем аудара бастайтын үй шаруасындағы азаматшалар саны – 32 636, қайтыс болған, әскери қызметкерлер, бала күтімінде отырған және тағы басқа жағдайлар - 12 349, өзге облысқа көшіп кеткендер - 8 451 адам. Сондай-ақ 30 237 адамның мәліметтерін өзектендіру керек.

- 2018 жылдың 1-тоқсанында ресмилендіру жөніндегі өңірлік штаттар құрылып, бекітілген Жол картасына сәйкес еңбек инспекциясы және мемлекеттік кірістер департаментімен бірге қалалар мен аудандарда міндетті зейнетақы төлемдерін аудармайтын жұмыс берушілермен жиындар өткізіледі, - дейді Хелуа Кәшкенова.

Еске сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру - халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар үшін жарна аударады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, әлеуметтік мәртебе