Жиналған барлық ескі газет, журналдар және пайдаланылған қағаз өнімдері Павлодар қаласында орналасқан  картон-рубероид зауытына қайта өңдеуге жіберілген.

 -  Біз 384 келіден астам макулатура жинадық, бұл алты ағашты құтқарғанмен бірдей, - дейді  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Елдос Қожагелдинов.  -  Бір тонна макулатура 40 адамға қажетті оттегін бөлетін 14 талды кесуден сақтап қалады. Мұндай шикізатты қайта өңдеу атмосфераға зиянды заттарды аз шығаратын таза процесс болып саналады. Ең бастысы, бұл – қоршаған ортаға зиянды СО2  көмірқышқыл газы тасталымын 768 келіге азайтумен тең. Макулатура сұрыпталып, өңдеу зауытына жіберілді. Сондай-ақ бөлімнің қызметшілері 2018 жылы бойынша 13 аз қамтылған және көп балалы отбасыға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және зейнеткерлерге көмек көрсетті.

Бүгінде Қазақстан қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер қатарында. Біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология толығымен жолға қойылмаған. Екіншіден, қажетті ресурстар тапшы. Үшіншіден, күнде өте үлкен көлемде қалдықтар шығады. Сонымен қатар адамдар үйілген қоқыстың залалын, экологияға және өз денсаулықтарына тигізер қаупін толық сезінбейді.

 Макулатура – қағаз және картон өндірудегі ең негізгі шикізаттың бірі. Макулатураны жинау және қайта өңдеудің халық шаруашылығында маңызы өте зор, яғни оны қайта пайдалану орманды сақтауға мүмкіндік береді және дайын өнімнің бағасын төмендетеді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Баянауыл ауданы, макулатура