Мәжіліс Төрағасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауындағы әр бағытқа тоқталды.

Жолдаудың бірінші бағыты – «халық табысының өсуі» бойынша экспортқа қабілетті өнім шығаруда Ертіс өңірі нәтижелі жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

- Жолдауда шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлінді, - деді Нұрлан Нығматулин. – Онсыз экономика алға жүрмейді. Сондай-ақ экономикалық дамудың талабы – индустрияландыру. Оның ішінде экспортқа қабілетті өнімдерді шығару маңызды. Ондай мақсат осы Павлодарда жүзеге асуда. Біз Қазақстан электролиз зауытында болдық. Кәсіпорын 20 елге өнім асырады. Заманауи жабдықтармен жұмыс жасалуда.

Нұрлан Нығматулин облыс жастары ЖБДО орталығына баспана мәселесі жөнінде жиі жүгінетінін айтып, Жолдаудағы өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағытын іске асыру үшін «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

- Президентіміздің Жолдауы - еліміз үшін алға басудың жолы, - деді Мәжіліс Төрағасы. – Кеңес Одағы тараған кезді еске алсақ, еліміздің жағдайы мәз емес еді. Халық үшін қолайлы жағдай болған жоқ. Зауыттар, фабрикалар жабылды. Жалақыларды төлеу қиын болды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында жол тауып шықтық. Әуелі экономиканы, кейін саясатты жолға қоя білуінің арқасында бәрі ретке келді. Сол кездегі тәуелсіздік алған елдер ішкі жағдайларын әлі реттей алмай отыр. Қазір еліміз көп ұлтты, халық саны да өсіп келеді. Сол елдер арасында Қазақстан соғыс, қақтығыс болмаған жалғыз елміз. Еліміз экономикасын 17,5 есе өсірді. Енді жастар сіздер осы жұмысты жалғастыру керексіздер. Өйткені, болашақ сіздердің қолдарыңызда. Рухани жаңғыру арқылы сананы өсіруді ұмытпау қажет. Павлодар облысында даму үшін барлық жұмыстар жасалуда. Павлодар индустрия орталығы ғана емес, даму жолындағы көшбасшы өңір болып саналады.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Нұрлан Нығматулин, Жолдау, жастар, қоғам