Кәсіпкер жастардың сауалдарына жауап беру барысында Нұрлан Нығматулин ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлауда өзгерістер енгізу бағытында бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылатынын айтты.

Кездесу барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың соңғы курс студенті Аяжан Құрманова да өз сауалын жолдады.

- Елбасы өз Жолдауында жоғары оқу орындарының деңгейі түлектердің жұмыспен қамтылуымен бағаланатынын айтты. Бұдан кейін түлектердің барлығы жұмыспен қамтылады деуге бола ма? – деді Аяжан Құрманова.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы түлектерге қолына құр диплом ұстатып шығаратын университеттер үздік болып саналмайтынын айтты.

- Қазір диплом түсі қызыл немесе көк екені маңызды емес, - деді Нұрлан Нығматулин. – Жоғарғы оқу орыны бәсекеге қабілетті түлек шығаруы керек. Мысалы, университеттің 4-курстағы студенттерінің 70 пайызы оқуын аяқтамай тұрып жұмысқа сұранысқа ие болды, қыздарының 10 пайызы күйеуге шықты делік. Міне, мұндай оқу орынын үздік деп атауға болады. Бұл – ХХІ ғасыр. Қазіргі кезде бәрі бәсекеде өмір сүретіні белгілі. Мемлекеттер, елдер, облыстар, қалалар бәсекелеседі. Адамдар да бәсекеде өмір сүреді. Бәсеке болған жерлерде идея, бастамалар болады.

Нұрлан Нығматулин болашақта 300-500 мамандық жойылады деген болжаммен де бөлісіп, жастарға бірақатар кеңес берді.

- Қазір бұл болжам өзекті болып отыр, - деді Мәжіліс Төрағасы. – Біз сонда дайын болуымыз қажет. Адам үнемі оқуы тиіс. Қанша тіл білсең, қанша мамандық игерсең соншалық нарықта сұранысқа ие боласың. Яғни, мамандығың көп, бірнеше тіл біліп, жан-жақты болсаң - бәсекеге қабілетті боласың. Мемлекет қаржы құйып өзі оқытатын кейбір мамандықтар бар. Ондай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. Сендер өмірді енді бастап келесіңдер. Алда көп өзгерістер орын алады. Сол өзгерістерде сендер өмір сүресіңдер. Жолдаудағы кезекті алты бастамасы жастардың, халықтың болашағына арналған.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Нұрлан Нығматулин, Жолдау, жастар, қоғам