Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«2018 жылдың алғашқы 9 айында 1577 жемқорлық құқықбұзушылықты анықтадық. Оның басым бөлігі - пара (886 немесе 56%) және жымқыру (466 немесе 30%). Біздің күш салуымызбен қазынаға 12 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды, бұл жемқорлық әрекеттен келген шығынның 89% құрайды», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев 2018 жылдың екінші жартысындағы жұмыс қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысында.

Агенттік төрағасының айтуынша, Ұлттық бюро айналысатын шаруа көп.

«Мемлекеттік аппараттағы жүйелі жемқорлық пен бюджеттік қаражатты мақсатсыз шашуды жою керек. Мемлекет сатып алу саласын ретке келтіріп, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуы тиіс», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, Шпекбаев Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет деп айтқанын еске салды. Ұлттық бюро Агенттік құрамындағы құқық қорғау органы ретінде қызметкер саны аз күштік құрылым болып саналады.

«Биыл аралық басқару лауазымдарын екі есеге қысқарттық, орындаушылар қатарын 25%-ке толықтырдық. Артық құрылымдарды алып тастадық және осының бәрі жедел-тергеу бөлімшелеріндегі қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге мүмкіндік берді. Осы және өзге де шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған», - деді Алик Шпекбаев.

pavlodarnews.kz

Тэги: