Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Бүгін елордада Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Латын негізді әліпби және емле ережесі» атты семинар өтті. Оған латын әліпбиін жасауға атсалысқан ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Анар Фазылжанованың айтуынша, ғалымдар қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетінін естіген қатты қуаныпты.

«Саяси шешім қабылданып, «латын графикасына көшеміз» дегенде ең бірінші бөркін аспанға лақтырған тілтанушы ғалымдар еді. Біз қатты қуандық, себебі бекітілген латын графикасындағы 32 әріптің ішінде орыс дыбыстарын таңбалайтын әріптер жоқ. Тек в, ф, х, ч әріптерін қалдырдық. Қалғаны өзіміздің төл әріптеріміз. Енді шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдеп жазамыз. Бұл тіліміздің сыртқы әсерге қарсы иммунитетін қалыптастырады», - деді ол.

Осы орайда ғалымның пікірін «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова толықтырды.

«Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі 32 әріптен тұрады. Кирилл әліпбиіндені 42 әріптің 10 әрпі жоқ. Яғни Ь, Ъ, Э, Ю,Я, Щ, Ё, Ц әріптері жоқ.

Енді кірме сөздердің барлығы тіліміздің табиғатына жақын етіп, жазуды көздеп отырмыз. Мысалы, қазіргі таңда біз кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясымен айтамыз. Мысалы, «концерт» деп жазамыз, «канцерт» деп айтамыз. Енді латын әліпбиімен «konsert» (консерт) деп жазамыз, «konsert» (консерт) деп айтамыз», - деп түйіндеді сөзін маман.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 20 ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: