- Қант диабеті қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді, - дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев. - Бұл дертке шалдыққан аналар да сәби сүйгісі келеді. Сондықтан оларға көмек көрсету мақсатында катамнез кабинетін ашып отырмыз. Кабинет көрнекілік ақпаратпен жабдықталған. Мұндай орталықтар Астана қаласында және көршілес жатқан Ресей елінде де бар.

Орталық дәрігері Любовь Ходыреваның айтуынша, босанған кезде асфиксияға ұшыраған, өкпе немесе жүрек патологиясы бар нәрестелердің өмір сүру сапасын жақсартуға арналған кабинетте мамандар әртүрлі көмек көрсетеді.

- Біздегі мәліметтер базасына сүйенсек, шала туылған балалардың басым бөлігінде кейін денсаулығында қандай да бір қиындықтар болады, - дейді Любовь Ходырева. – Сондықтан мұнда облыс бойынша жансақтау бөлімінен өткен сәбилерге көмек көрсетіледі. Биылғы жылы тоғыз айдың ішінде салмағы бір жарым келіге жетпейтін 111 бала дүниеге келген. Міне, осы балалармен жұмыс істейтін боламыз. Бірінші кезектегі басты мәселе – тамақтану. Ана сүтінен басқа балаға қосымша тағам керек. Сондықтан медбике баланың бойын, салмағын өлшеп, арнайы кестеге сай тамақтандырады, физикалық жаттығулар жасауды үйретеді.

Бұдан бөлек, жаңадан ашылған кабинетте нейрохирург, ортопед, офтальмолог қабылдау жүргізеді. Қажеттілік туындаған жағдайда ультра дыбыстық зерттеу және тиісті сараптамалар жасалады. 

Өңірде айына айы-күні жетпестен 40-43 бала туған болса, бір жылдың ішінде шала туғандардың саны 412 баланы құрайды.

Былтыр аймақта дүниеге келген 11886 сәбидің ішінде 100 баланың анасы қант диабетіне шалдыққан Биылғы жылы 8000-ға жуық сәби жарық дүние есігін ашқан.

Бас эндокринолог Гүлнар Мейрамова бұл еліміз бойынша ашылып отырғаны екінші кабинет екенін айтады. Бұған дейін ана өлімі бойынша көрсеткішті азайту мақсатында мұндай кабинет Астана қаласында іске қосылған.

 - Бүгінгі күні аймақта онкология, қант диабеті және эндокринді жүйе бойынша түрлі дертпен ауыратын және бала көтеруге болмайтын 22 әйел есепте тұр, - дейді Гүлнар Мейрамова. - Сондықтан № 3 қалалық ауруханада сағат тоғыздан түскі бірге дейін көмек қажет әйелдерді қабылдаймыз. Ол үшін 64-39-20 телефоны бойынша жазылуға болады.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, денсаулық