Жаңа бағдарлама авторларының айтуынша, көрермендер "Туған елім" хабарымен бірге еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарына сапар шеге алады.

"Сіздерді киелі өлке топырағымен таныстыратын актер, композитор Қадырғали Көбентай және жас актер Медет Рахымбергенов. Қос жүргізуші әр хабар барысында еліміздің бір облысына саяхат жасайды. Олар сол аймақтың танымал тұлғаларымен тілдесіп, сол өңірдің барлық жақсы жерлерін көрсетіп таныстырады. Жол барысында көрген талай қызықты оқиғалары қалың көрерменге ұнары сөзсіз", - дейді олар.

Телеарнаның мәліметінше, жаңа хабардың мақсаты еліміздегі әр аймақтың тарихымен, әдет-ғұрпымен, табиғи байлығымен, әлеуметтік және экономикалық дамуымен таныстыру. Сонымен қатар, сол өлкеде туған ұлы тұлғаларды насихаттау.

"Хабар қазақ тілінде. Аптасына бір рет сенбі күні көрсетіледі. Ендеше қапы қалмаңыздар. Жетінші арнамен туған елге бірге саяхаттайық!", - дейді телеарна өкілдері.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында былай деген еді: "Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қай жерде жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды". Олай болса, жетінші арнамен бірге сіздер енді еліміздің ең керемет мекендеріне табан тіреп, тарихи шаhарларды аралап, игі жақсылардың әңгімесін тыңдап, өскен ордаға саяхат жасай аласыз.

pavlodarnews.kz

Тэги: