Облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Кахан Иманбеков халық диспансерге жүгінсе есепке алынудан қауіптенетінін атап өтті.

 - Бізге жүгінген адамдардың бәрі есепке алынбайды, - деді Кахан Иманбеков. – Белгілі бір деңгейде ауруы асқынған кезде ғана алынады. Ал, кей адамдарда күнделікті күйзелу болып тұрады. Ол кезде психиатрлардың көмегі қажет болады. Арнайы сенім телефонымызға қоңырау шалып, өздерінің мәселелерін айтуларына болады. Дәрігер мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Кеше ғана көршілеріміз Ресей елінде жасөспірім терракт жасап жатыр. Көршіге қарап біз жағдайды түсінуіміз керек. Күйзелістен басталып, ауру болып асқынбай тұрғанда алдын алған дұрыс.

Өңіріміздің кез келген тұрғыны 8-800-080-34-34 сенім телефоны арқылы тегін хабарласып, дәрігердің көмегіне жүгінуге болады.

Бас дәрігердің айтуынша, диспансердің есебінде облыс бойынша 8 мыңнан астам адам бар.

- Есепке алынғандардың 20 пайызы «шизофрения» ауруына шалдыққан, - дейді Кахан Иманбеков. – Ал, балалардың саны 500-ге жуық. Облыс бойынша балаларға арналған бөлім жұмыс жасайды. Қазіргі кезде психикалық ауруды ерте кезден анықтау қарқын алып келеді. Өйткені емханаларға психиатрларды жіберудеміз. Адамдар өздері диспансерге келмегеннен кейін өзіміз оларға жақын болуды ұйғардық. Емханада тұрғындар арнайы мамандарға жүгіне алады. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз.

Конференцияға облысымыздағы психиатрлар, психикалық ауруға шалдыққан адамдарды оңалту орталықтарының өкілдері және өзге өңірлерден шақырылған қонақтар қатысты.

Оразбек Саяхат
Фото: автор және Роза Мустафина

pavlodarnews.kz

Тэги: