«Жасыл ел» студенттер және жастарының тобы қоғамдық қорының директоры Нұргүл Айғожина биылғы маусымда 2700 сарбаз жұмыс жасағанын атап өтті.

- 14-ші еңбек маусымын аяқтап отырмыз, - деді Нұргүл Айғожина. – Бұл біздің жұмыс тоқтады деген сөз емес. Қараша, желтоқсан айларында «жыл бойғы» тобымыз жұмыс жасайды. Осы маусым барысында «жыл бойғы» топ бойынша наурыз-мамыр айларында 150 сарбаз жұмыс істесе, қыркүйек-желтоқсан айларында 100 адам жұмылдырылады. Сондай-ақ Тереңкөл мен Успен ауданында желтоқсан айына дейін сарбаздарымыз қарт адамдардың қысқы дайындығына көмектеседі.

Нұргүл Айғожинаның айтуынша, биыл жаңа жобалар да қосылған.

- Осы маусымда аэрографикалық сурет салу тобы құрылды, - деді Нұргүл Айғожина. – Тәуелсіздік даңғылы 2, мекенжайы бойынша Конституция күніне орай тұрғын үйдің қабырғасына сурет салып, Павлодар қаласына сыйлық жасадық. Сондай-ақ экологиялық тобымыз жаңа жобамен жұмыс атқарды. Қаламызда 10-нан астам қоқыс жәшігі қойылды.

2018 жылғы маусымда павлодарлық «Жасыл ел» сарбаздарының орташа жалақысы 50 мың теңгені құрады. Республикалық штабтан әрқайсына қосымша 40 мың теңге бөлінді.

Сонымен қатар, шара барысында маусым барысында нәтижелі еңбек атқарғандар анықталды. «Үздік сарбаз», «Үздік топ командирі», «Үздік әлеуметтік жоба» және тағы басқа аталымдар бойынша үздіктер марапатталды.

Айта кетейік, агенттігіз «Үздік ақпараттық серіктес» аталымына ие болды.

Павлодар облысының «Жасыл ел» штабы жаз айларының қорытындысы бойынша республикадағы үздік штаб саналады. Ал, 24 қазан күні Ақтөбе қаласында еліміз бойынша үздіктер анықталады.

Оразбек Саяхат
Суреттер облыстық «Жасыл ел» штабынан алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Жасыл ел"