Екібастұздық ерекше мектеп екі мыңнан астам қызды түлеткен.



Оның бірінші басшысы Ләйлә Сырымбетова болды. Ол қазіргі кезде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясын басқарады.

Ләйлә Сырымбетова 1993 жылы аталмыш білім ордасын ашу бастамасын көтерген болатын.

- Біз гимназияны қиын кезең болған – 90-жылдары аштық, - деді Ләйлә Сырымбетова. – Мені осы мектептің  өз дәстүрін сақтай отырып өңірдегі білім саласында алдыңғы қатарда жүргені қуантады.

Гимназия еліміздегі үздік 100 мектептің қатарына кіреді. Оның директоры Саламат Ізбастина оқушылар ҰБТ-де тұрақты түрде 110-нан жоғары ұпай жинап тұратынын атап өтті.



Осы жылдар аралығында гимназия 25 «Алтын белгі» және үздік аттестат иегерлерін шығарған. Өткен жылы барлық 15 түлегі мемлекеттік грантқа ие болған.

Мерейтойға арналған шарада ардагерлерге ерекше назар аударылды. Қазіргі кезде бұнда 44 педагог жұмыс жасайды. Оның 30-ы мектептің іргетасы қаланғаннан бері қызмет етуде.

Педагогтер ұжымын, оқушыларды, ата-аналарды және мерейтойға жиналған 150-ден астам түлегін құттықтауға Екібастұз әкімі Нұржан Әшімбетов те келді. Ол мерейлі күнге орай білім ордасына 200 мың теңгелік грантты табыс етті. Сыйға берілген қаржыға мектептің музыкалық аппаратурасы жаңартылатын болады.

Бүгінде қыздар гимназиясында 432 оқушы білім алуда.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Екібастұз, қыздар гимназиясы, білім