Командамыз тәуір ойын көрсеткенімен, футболшыларымыз гол соға алмады. Павлодарлықтар матч басталысымен жоғары қарқында ойнап, қарсылас қақпасына қауіп төндіре бастады. Шабуыл шебінде тапқырлық танытқан алаң қожайындар көптеген гол соғатын мүмкіндік ұйымдастырды. Алайда Павел Шабалин, Абель Камара, Милош Стаменкович және басқалар ұрымтал сәттерден мүлт кетіп жатты.

«Қайсар» да қарап қалмады. Төрт бірдей аса маңызды ойыншыларынан айырылған қызылордалықтар өте сауатты ойын таныта білді. Александр Марочкиннің голынан соң қонақтар тіпті ойын тізгінін қолдарына алды.

Екінші таймды «Ертіс» тағы күшті бастады. «Қайсар» қақпасы алдындағы шабуылдар бірінен соң бірі жасалынды. Бірте-бірте алаң қожайындарының белсенділігі сөне бастады. Матч соңында павлодарлықтар соңғы шешуші шабуыл жасауға қауқары жетпеді. Осылайша кездесу қонақтардың жеңісімен аяқталды.

«Ертіс» бас бапкері Димитар Димитровтың айтуынша команда жеңілетіндей ойын көрсеткен жоқ.

- Өйткені бізде қарсыластан гөрі гол соғатын сәттер көбірек болды, - дейді Димитар Димитров. – Біз сол сәттерді пайдалана алмадық. Футболшыларымыздың қолдарынан келетіні осы. Бізде әлі үш ойын бар. Соңына дейін тырысып бағамыз.

Келесі матчты «Ертіс» сырт алаңда өткізеді. 27 қазанда командамыз Алматыда «Қайратқа» қарсы ойнайды.

Айбек Жұматов

Фото: «Ертіс» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, футбол, премьер-лига, ҚПЛ