Ауылдық жерлердегі тұрғын үйлер құрылысының сапасымен Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Болат Бақауов танысты. Өңір басшысы биыл жазда 24 пәтерлі үйде жаңа қоныс тойын тойлаған баянауылдықтарға қонаққа барды. Баспанамен мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік саланың жұмыскерлері қамтылған. Олардың арасында жас маман, бүгінде аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Нұрсұлтан Шайхин да бар.

- Біз әйелімізбен баспана беретіндігін естігенде қатты қуандық, - деді Нұрсұлтан Шайхин. – Бұл менің туған өлке үшін аянбай еңбек етуіме жігер береді. Қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі жастарға бұндай көмектің көрсетілуі қуантпай қоймайды.

Сондай-ақ облыс әкімі ішінде барлық жағдай жасалған екі пәтерлі төрт үйдің бірінде болды. Жаңа пәтердің кілтін дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер және құқық қорғау органдарының өкілдерінен құралған 27 адамнан тұратын 8 отбасы алған.

- Үйіміз өте жылы, - деді Айманов көшесі, 18 үйдің тұрғындары. – Биыл біздің ауыл айтарлықтай өркендеді. Бұл тек баспана құрылысына ғана қатысты емес. Жол жөндеу, ауыз су тарту, жарықтандыру жұмыстарын да атап өтуге болады.

Сонымен қатар, 2018 жылы Майқайың кентінде де жаңа үй пайдалануға берілді. Бұнда бұрын байланыс орталығы болған ғимаратты жөндеу нәтижесінде жатақханадан 29 отбасы пәтер алған.

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, баспана, қоғам