Астық жинау науқанын толығымен аяқтауға ауа-райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Бұл туралы агенттікке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжанов хабарлады.

- Жиын-терім науқаны аяқталды деуге болады, - деп хабарлады Байболат Рахымжанов. – Бүгінде астық пен картоп секілді негізгі дақылдарды жинау жұмыстары толығымен тәмамдалды. Қазіргі кезде майлы дақылдарды жинау жүріп жатыр. Алайда, бұл жұмысты аяғына жеткізуге ауа-райы кедергі келтіріп тұр.

Басқарма өкілінің сөзіне сенсек, астық жинау бойынша ең жоғары өнімділікті, қай кездегідей, облысымыздың солтүстігінде орналасқан қос аудан – Железин мен Ертіс алда келеді. Аталған аудандардағы өнімділік көрсеткіші әр гектардан 13 центнер.

Облыс бойынша жалпы ауданы 725 мың гектар егістістіктен шамамен 900 мың тонна астық қамбаға құйылды. Картоптың 518 мың тоннасы, көкөністердің – 200 мың тоннасы жиналды. Биыл бақша дақылдары да мол өнім берді. Олардың 84 мың тоннасы жиналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі айтқандай, Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылында да жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Мұнда шағын шаруашылықтар көкөністерді сақтайтын орындардың жоқтығы себепті, өнімді алқаптардан қазып алып, бірден сол жерде сатуға тырысуда.

Павлодар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Хамза Оразбековтің айтуынша, аудандағы егіс алқаптарының шамамен 40-ын алатын жерде жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Негізінен бұл сәбіз дақылына қатысты.

- 10 қарашаға дейін уақыт бар, - дейді Хамза Оразбеков. – Сәбіз – 6 градусқа дейінгі суыққа шыдайды. Адамдар жұмыс істеп жатыр. Барлық өнімді жинап алады деп сенеміз. Әрине, өнім жиналмай, жерде қалып қойған кездер болады. Бірақ, соңғы жылдары мұндай жағдай болған емес.

 Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: ауыл шаруашылығы, астық, көкөніс, жиын-терім