Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков мәлім етті.

- 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 43 316 құрады, - деді Дастан Рыспеков. – Аталған көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 104,3 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес арқылы жұмыспен қамтылғандар саны ресми деректер бойынша 2018 жылғы 1 шілдеде 130 461 адамға жетті. Өткен жылы дәл осындай кезеңде жұмыспен қамтылғандар саны – 120 686 адам болған.

2017 жылдың қорытындылары бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдер шығарылымы 745,5 млрд теңгеге жеткен. 2016 жылы бұл көрсеткіш – 524,1 млрд теңгені құрады.

- Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мақсатында облысымызда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда, - деді басқарма басшысы. – Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 340 кәсіпкер қолдау алды. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша – 1807,3 миллион теңге (291 ШОБ субъектісі), кепілдік беру – 46 миллион теңге (31 ШОБ субъектісі), гранттық қаржыландыру - 43 миллион теңге (15 ШОБ субъектісі), инфрақұрылымды жеткізу – 239,7 миллион теңге (3 ШОБ субъектісі) бөлінді.

Айта кетейік, Павлодар облысында айналымы 2 млн теңгеден асатын ШОБ субъектілерінің саны өткен жылы 661 бірлікке өсіп, 13 285 субъектіні құрады.

Оразбек Саяхат
Фото: http://syrboyi.kz және http://pavlodar.gov.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ШОБ, экономика