Павлодарлық делегацияны облыс әкімі Болат Бақауов бастап барады. Өңір басшысы Түмен облысының губернаторы Александр Моормен серіктестік жөніндегі келісімге қол қояды деп күтілуде.

Құжат қос өңірдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени салаларда бірлесе жұмыс атқаратындығы туралы болмақ. Сондай-ақ форум аясында коммерциялық келісімдер жасалады.

Бірінші келісім павлодарлық «Пять звезд» туристік агенттігі мен олардың омбылық әріптестері «Катунь» туристік агенттігі арасында жасалады. Екіншісі павлодарлық «ROMAN TOUR» туристік операторы мен «Седьмое небо» туристік агенттігі арасында жасалмақ.

XV қазақстандық-ресейлік шекаралық ынтымақтастық форумы Павлодар облысының туристік қабілетін көрсететін жақсы мүмкіндік болғалы отыр. Ол үшін арнайы көрмеде стенд қойылып және Баянауыл, Шалдай қарағай орманы, өңірдің тұзды көлдеріндегі емдеу-сауықтыру туризмі, облыстың қасиетті жерлері жөніндегі парақтар таратылады.

Қолөнершілер ауылында Павлодар батиктен картиналар жасау бойынша шеберлік сағатын өткізетін Алтын Аттевті таныстырады.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: