Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өтті. Сол отырыста Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. Аталған деректі фильм Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы түсіріледі.

Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген.

«Фильм Ресейдің төрт қаласында түсірілді. Кремльде, бұрынғы Смольныйда, бұрынғы Дума отырған Таврия сарайында түсірілім жүргізу үшін аккредитация алу керек. Тіпті рұқсат алу үшін кейде жылдап күтуге тура кетеді екен. Алайда, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Инанғали Тасмағамбетовтің көмегімен бұл мәселелер тез шешім тапты», - дейді фильмнің сценарий авторы Болат Мүрсәлім.

Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.

Арнайы көрсетілімге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Фильмнің режиссёрі - Ерген Тоқмурзин, бас кеңесшісі - Мәмбет Қойгелді, шығармашылық кеңесшісі - Тұрсынжан Шапай, сценарийдің авторы - Болат Мүрсәлім, қоюшы операторы - Мұстафа Өнер және композиторы - Бейбіт Ақош.

Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесіп түсірген.

pavlodarnews.kz

Тэги: