Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ержанов мәлім етті.

- Дәрігерлер электронды денсаулық төлқұжатының көмегімен азаматтың денсаулық жағдайы, созылмалы аурулары, аллергиялар, қабылдаған препараттары туралы ақпаратты көре алады, - деді Ерлан Ержанов. – Электронды денсаулық төлқұжатындағы ақпараттың негізінде пациенттің жеке кабинеті қалыптасады. Бұл кабинетке пациенттер DamuMed, InfoMed KZ мобильді қосымшасы арқылы кіре алады. Бүгінде 103 441 адам жеке кабинеттерін ашқан.

Спикердің айтуынша, медициналық ақпараттық жүйелер арқылы дәрігер қабылдауына 2 112 611 адам жазылды, ал жеке кабинет арқылы 74 476 (3,5 %) адам жазылған.

- Кезектерді азайту мен медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында емханаларға тіркелген халық үшін электронды кезекшілік терминалдары орнатылған, - деді Ерлан Ержанов. – Бүгінде осындай құрылғылар облыстың 11 емханасында орнатылды. Сондай-ақ электронды кезекті енгізгеннен кейін пациенттің күту уақыты 30 минуттан 15 минутқа азайды. Шағымдар саны 30 пайызға кеміді.

Сонымен қатар, медициналық ұжым жұмыс орындарының 99 пайызы компьютерлік техникамен қамтылған (4 312 орынның 4 269-ы). Қалалар мен орталық аудандық ауруханалардың медициналық ұйымдары 100 пайыз интернетке қосылды. Аудандық деңгейден төмен медициналық пункттердің 90,3 пайызы ғаламторға қосылған.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері медициналық есептілікті қағазсыз форматқа ауыстыру жұмысы басталды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 91 пайызға жетті. 2018 жылдың желтоқсан айында кестеге сәйкес бұл бағыттағы жұмыс аяқталады.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, денсаулық сақтау, қоғам