Павлодарда өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың VIII форумы өтті.

Пленарлық отырысты ашқан облыс әкімі Болат Бақауов үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі екендігін атап өтті.

- Баршамызға белгілі, азаматтық сектордың қоғамдық-саяси өмірдегі маңыздылығы өте зор, - деді Болат Бақауов. – Өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдарға бастамашылдық пен еңбекқорлық тән. Облысымызда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы бірігіп жұмыс жасауда тиімді тәжірибе қалыптасты.

Аймақ басшысы атап өткендей, облыста 692 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Өкінішке орай, тіркелген ҮЕҰ ішінде 300-ден астам ұйыммен байланыс үзіліп, олар тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтін көрінеді. Болат Бақауов кейбір бірлестіктер өз қызметінде тек мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатқа ғана иек артатынын атап өтіп, бұл тәжірибенің қаншалықты бұрыс екендігі туралы пікірін айтты.

- Мұндай әдіс ұйымдардың тұрақты қызметін қамтамасыз ете алмайды. Мысал үшін кейбір үкіметтік емес ұйымдар грантты атқарып болған соң «ұйқыға кетеді» немесе мүлдем жоғалып кетеді, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі әлеуметтік мәселелерді шешуге тырыспайтын, бюджетті қалай игеремін деп қана жүретін ҮЕҰ-ды заңнамаға сәйкес іс жүзінде жұмыс істемейтін бірлестіктерді жою қажеттігін атап өтті.

Болат Бақауов өздігінен жұмыс істейтін бірлестіктер арасында «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің» және «Мейірімділер клубы» қоғамдық қорларының еңбектерін ерекше атап өтті.

Өңір басшысының айтуынша тең құқылы әріптес болу үшін ҮЕҰ бюджет қаражатына деген тәуелділігінен арылып, біліктілігін арттыру қажет.

Одан бөлек, облыс әкімі ауылдық елді-мекендердегі ҮЕҰ-дың қалада жұмыс істейтін бірлестіктерден гөрі белсенділігі төмен екендігін айтты. Осы олқылықты жою мақсатында Болат Бақауов аймағымыздың қалалары мен аудандарының басшылықтарына ауылдық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін оқытуды тапсырды.

Қиындықтарға қарамастан, жұмысты дөңгелетіп әкеткен ұйымдар ауылда да бар. Болат Бақауов сондай ұйымдардың бірі Шарбақты ауданындағы Есілбай ауылында бар екенін атап өтті. Есілбайлық белсенділер өз күшімен ауылын абаттандырып, елді-мекенді көркейтуде.

Сонымен бірге, Болат Бақауов жыл соңына дейін Павлодарда «Азаматтық альянс үйі» ашылатынын мәлімдеді. Аталған ғимарат барлық ҮЕҰ-ды бір шаңырақ астына біріктіру мақсатында ашылмақ.

Азаматтық альянс вице-президенті Мұсағали Дуамбековтың айтуынша, аймақтардағы азаматтық қоғамның маңыздылығы артып келеді.

- Биыл белсенділік арттырғанымыз кездейсоқтық емес, - дейді Мұсағали Дуамбеков. – Қазақстан ең дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат тұтуда. Ол мақсатқа жетудің алғышарттарының бірі азаматтық қоғам қағидаларын жүзеге асыру болып табылады.

Форум барысында өзге де пікірлер тыңдалып, жиын соңында өңіріміздің үздік ҮЕҰ-дары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жеті бірлестік қызметін сәтті атқарғандары үшін 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Үкіметтік емес ұйымдар, ҮЕҰ форумы, азаматтық қоғам