Азаматтық альянс вице-президенті Мұсағали Дуамбековтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар қызметі ауыл шаруашылық саласында, оның ішінде, мемлекеттік қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын қадағалауда көмек тигізе алады.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі әр жыл сайын 300 миллиард теңгеден астам сомаға субсидия бөледі. Бұл ақша қалай жұмсалады? Субсидия алған әрбір шаруа осы қаражатқа қанша тыңайтқыш алды, қанша егін екті, қанша ет тапсырды? Осының бәрін үкіметтік емес ұйымдар жер-жерде тексеріп отыруы тиіс. Осы арқылы олар министрлікке көмек береді. Бұл министрдің сөзі, - дейді Мұсағали Дуамбеков.

Азаматтық альянс вице-президенті Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халыққа жеткізу мәселесінде өз ойларымен бөлісті. Мұсағали Дуамбеков атап өткендей, Президент Жолдауын түсіндіру ісін ҮЕҰ өкілдері өз мойындарына алуларына болады.

- Жақында еліміздің Парламент депутаттары Жолдауды түсіндіру ісімен аймақтарды аралады. Бұл жұмысты үкіметтік емес ұйымдардың атқаруына болар еді. Заң шығару міндетін атқарып отырған депутаттарымызды неге жұмысын қойып қойып, басқа іспен айналысуға мәжбүрлейміз? Сондықтан, ҮЕҰ тағы қандай қызмет атқара алатыны туралы ойлануымыз керек.

Мұсағали Дуамбековтың айтуынша, қазіргі кезде қоғамдық кеңестер мен Азаматтық альянс қызметін жақындастыру мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы заң жобасына түзетулер енгізіліп, қоғамдық кеңестерді азаматтар мүддесін қорғайтын дербес институтқа айналдыру көзделуде.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Жолдау, Мұсағали Дуамбеков, ҮЕҰ, депутаттар, субсидия