Екі күнге созылған форум барысында кәсіпкерлік, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар арасындағы «Асар» атты үш жақты жәрмеңкесі және секциялық жұмыс жүргізілді. Үш секцияға бөлінген қатысушылар жиын кезінде ҮЕҰ алдындағы кедергілерді жою және өзге де мәселелер жөнінде пікір алмасып, идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатысты, ұсыныстар айтты.

Сонымен бірге, форум кезінде 2018 жылы өңіріміздің үздік үкіметтік емес ұйымдарының есімдері аталды. Солардың ішінде «Балалар мен жастар арасында салауатты өмір салты, мәдениет пен бұқаралық спортты насихаттау бойынша үздік ҮЕҰ» номинациясында «Жолдар» жастар қоғамдық бірлестігі жеңіске жетті.

Бірлестік басшысы Павел Беликовтың айтуынша, клуб 2004 жылдан бастап жұмыс істейді. Клуб спорттық-техникалық бағытта қызмет етіп, вело және мотожарыстарды өткізеді.

- Біздің клубтың жұмысы вело, авто немесе мотожорықтарды өткізумен шектелмейді, - дейді Павел Беликов. – Біз жастардың спортқа техникаға, тарихқа деген қызығушылықтарын оятуға тырысамыз. Сонымен бірге, біздің клубта жас буынның өзара тілдесіп, араласуына жағдай туады.

Тағы бір ерекше аталған ұйым ішінде «Десента» ҚҚ болды. «Бес жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейтін жобалық менеджер» номинациясында жеңіске жеткен «Десента» ҚҚ ұйымының өкілі Ванда Сафинаның айтуынша, биыл ұйымға 17 жыл толады.

- Ұйымымыз сараптамалар жасап, зерттеу жүргізеді. Бір жыл ішінде 30-дан аса жоба әзірлейміз. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттар мен шетелдік ұйымдармен әріптестік арқылы жұмыс істейміз, - дейді Ванда Сафина.

Форум қорытындысы бойынша 25 қарашада Астанада өтетін Қазақстан Азаматтық альянсының VIII форумына аттанатын делегаттар тізімі бекітілді.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Үкіметтік емес ұйымдар, ҮЕҰ форумы, азаматтық қоғам