Экспозиция Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде күнделік жүргізген кішкентай еврей қызының естеліктері арқылы соғыс пен холокост жайлы баяндайды. Көрме Амстердамдағы «Анна Франк үйі» әлемге мәшһүр мұражай, «Еркіндік қанаты» ҚҚ мен Фридрих Эберт атындағы Қордың көмегімен ұйымдастырылды.

«Еркіндік қанаты» ҚҚ директоры Елена Шевцованың айтуынша, Анна Франк көрмесі арқылы адамдардың өзара жәрдемдесу керектігі және антесемитизм туралы ойларды жеткіземіз.

- Көрме арқылы толеранттылық, өзара көмек беру, антисемитизм және гуманизм туралы айтамыз, - дейді Елена Шевцова. – Көрмемізге келген әрбір жан осы құндылықтарды қаперінде ұстап, әрбіреуіміздің ішіміздегі «кіші фашисті» тұсап отыратынына сенеміз.

Павлодар аталмыш экспозицияның еліміздегі соңғы нүктесі болмақ. Қаламыз келгенге дейін көрме Астана, Алматы, Ақтау, Петропавл, Шымкент, Семей, Тараз, Орал мен Өскеменде болып үлгерген.

Көрменің тағы бір ерекшелігі іс-шараға келген адамдарды Екінші Дүниежүзілік соғыс пен холокост жайында Анна Франктің сол кездегі жасымен шамалас жасөспірім еріктілер таныстырады. Сондай еріктінің бірі Ақмарал Жантемір. Оның айтуынша, адамдарды нәсіліне қарап кемсітуге болмайды.

- Осы көрмені өткізу кезінде мен адам құқықтарын барша сыйлай білу керектігін ұғындым. Өйткені, адамдардың барлығын нәсіліне, дініне немесе ұлтына қарамай сыйлау керек. Көрме адам құқықтарын қорғап, адамдамгершілікке баулиды, - дейді Ақмарал Жантемір.

Көрмеге келемін деушілерге есік ашық. Кіру тегін. Экспозия 2 желтоқсанға дейін жалғасады.

Фото: «Еркіндік қанаты» ҚҚ 

pavlodarnews.kz

Тэги: Холокост, Екінші Дүниежүзілік соғыс, көрме, экспозиция, тарих