«Ұлы Дала перзенті» деген атқа ие болған әдеби сайыс Ленин кентінің Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйінде өтті. Ұйымдастырушылар конкурстың Жаяу Мұсаның шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатын көздегенін айтады.

Байқауға көркем сөз оқу шеберлігін игерген 12-14 жас аралығындағы 34 мектеп оқушысы қатысты. Оқушылардың көркем сөз шеберлігімен, ұлы ақын шығармашылығын қаншалықты білетіндігін Жаяу Мұса Байжанұлының шөбересі Темірхан Дүрманов бастаған қазылар алқасы бағалады.

- Жаяу Мұса шығармашылығына арналған осындай іс-шаралар жыл сайын өткізіледі, - дейді Темірхан Дүрманов. – Оқушылар конкурс талаптарын жақсы орындады. Жастардың өнеріне сүйсіндім. Қазіргі жастардың әдебиеттен мүлдем бөлек қызығушылықтары бар. Осы тұрғыда конкурсты өткізу аса маңызды. Өйткені, ақынның өлеңдерін жатқа білетін келер ұрпақ тілімізді де, ділімізді ұмытпайды.

Конкурс жүлдегерлері дипломдармен марапатталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Жаяу Мұса, Ленин кенті, әдебиет, мәдениет