«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған турнир халықаралық деңгейде өтуде. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі ХІ турнир ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық «Сарыарқа самалы» газеті.

Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен еліміздің әр өңірінен және Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Әзірбайжан елдерінен 4-70 жас аралығындағы 400-ден астам әуесқой спортшы қатысуда.

Турнир 5 топ: 8 жасқа дейінгі, 10 жасқа дейінгі, 12 жасқа дейінгі, 15 жасқа дейінгі және 16 жастан жоғары ерлер мен қыздар (әйелдер) арасында, рапид түрі бойынша жүргізілуде.

Бәсекенің ашылу салтанатына «Сарыарқа самалы» газетінің ардагерлері мен журналистері, өңірдегі спорт саласының майталмандары мен өкілдері, өзге де қадірлі қонақтар қатысты.

Монғолия елінің Баян-Өлгей аймағынан келген споршылардың жетекшісі Заманбек Қожаниязұлы 9 бала дайындап әкелген.

Бүгінгі турнирге аймағымыздағы 43 мектептің арасынан іріктелген балаларды әкелдік, - деді Заманбек Қожаниязұлы. – Қазақстанда өтетін турнирлерге жиі қатысып тұрамыз. Аймағымыздың әкімдігі, білім басқармасы қолдау танытып отырады. Көбінесе ата-аналар демеушілік жасап балаларын осындай жарыстарға жібереді. Жалпы, аймағымызда ұлттық спорттың федерациясы бар. Оның ішінде тоғызқұмалақ та ерекше назарға ие. Жылына 4-5 рет тоғызқұмалақтың жарысы өтіп тұрады. Көбінесе мектеп қабырғасындағы балалар айналысады. Алайда, жастар, аға буындар да жоқ емес.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталады. Сонымен қатар, «Ең жас тоғызқұмалақшы», «Жеңіске деген құштарлығы үшін», «Ең үздік жаттықтырушы» аталымдары қарастырылған.

Айта кетейік, жарыс алғаш рет 2008 жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа самалы» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Турнирге әр жылдары тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ұлттық ойынның жанашырлары қатысуда. Республикалық тоғызқұмалақ қауымдастығының вице-президенті Мақсат Шотаев, ҚР мемлекеттік бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева әр жылдары жарысқа арнайы келіп, басылымның игі бастамасына оң бағасын берген болатын. 2017 жылы ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының президенті Әлихан Байменовтің Алғыс хаты берілді.

Оразбек Саяхат
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Сарыарқа самалы турнирі, тоғызқұмалақ, ұлттық спорт, спорт