Павлодарлық оқушылар өңіріміздегі неміс диаспорасы жайлы «Германия туралы арман» атты жобаларын ұсынып, жеңіп шықты. Байқау Қазақстан мен Қырғызстан оқушыларының арасында өткізілді. Нәтижесінде біздің оқушылардың жобасы ең үздік болып танылды.

Жеңіске жеткен оқушыларға «Träumend von Deutschland» оқушылар алмасу бағдарламасы бойынша Германияға екі апталық сапар сыйға тартылған болатын.

Айта кетейік, барлық оқушылар неміс тілін екінші шет тілі ретінде таңдап, оны үшінші жыл қатарынан оқып келеді. Ал, бұл жеңіс олардың тілдік дағдыларын одан әрі жақсартуға тамаша мүмкіндік бергені сөзсіз.

- Германия – бұл өмір сүру деңгейі өте жоғары дамыған ел, - дейді оқушылардың бірі Әлішер Әшекеев. – Осы күндері өзімізге зор әсер алдық десем болады. Екі апта бойы Франкфурт қаласында тұрдық. Гете-Шуле гимназиясының жергілікті оқушыларымен бірге сабақтарға қатыстық. Аз ғана уақыт аралығында өзімізге жаңа достар таптық. Алдағы уақытта да достығымызды одан әрі жалғастыратын боламыз.

Сонымен қатар, Германияға сапар жасаған балалар неміс отбасыларында тұрып, өмірдің тұрмыстық қырымен де жете танысып үлгерді. Бонн, Марбург, Вецлер, Гиссен қалаларына да сапар шегіп, Германия мәдениетімен танысты. Оқушылар сол қалалардағы мұражайларға, тарихи орталықтарға және басқа да көрікті жерлерге барып қайтты.

Неміс тілі мұғалімі Әдемау Ақылбекова атап өткендей, бағдарламаның негізгі мақсаты оқушылардың тіл тасымалдаушылармен тікелей араласа отырып, тілдік қорын байыту болып табылады.

Қазіргі уақытта балалар алдағы жылдың сәуір айында неміс оқушыларының Қазақстанға жасайтын сапарына дайындалуда.

- Қонақтарға ең алдымен Астанамызды көрсеткіміз келеді, - дейді аталмыш білім ордасының шәкірті Алтынсары Бахтиярова. – Егер олар Наурыз мерекесін тойлау кезінде келетін болса, тіпті керемет. Онда қонақтарымыз біздің ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді және әдет-ғұрыптарымызды тамашалайтын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, білім