Аталмыш шараға өңірдің жалпы білім беру мектептерінің 6-сыныпта оқитын 500-ден астам оқушысы мен ата-аналар қатысты.

Мәжіліс залында өткен жиында мектеп директоры Ринат Жұмабаев оқу ордасы жайлы баяндап, мектептің бес жылда жеткен жетістіктері мен негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Кейін білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылардың ғылыми және шығармашылық жұмыстарының көрмесі қонақтар назарына ұсынылды. Сонымен қатар түрлі үйірмелер мен шығармашылық орталықтардың жұмыстары да паш етілді.

Білім ордасының қызыққа толы өмірімен танысқан 6-сынып оқушылары мектебімізге түсуге ынталарын білдіріп қана қоймай, тіпті өздері айналысқысы келетін бағыттарды да таңдап қойған.

- Мен бұл мектепте оқығым келеді. Міндетті түрде емтихан тапсырып, бағымды сынап көремін. Көңілімнен шыққан үйірмелер де бар. Келесі оқу жылында мұнда келсем міндетті түрде ғылыми жобалармен айналысамын. Сонымен қатар екінші шетел тілдері өте қызықтырып отыр. Осы мектеп ұйымдастырған каникулярлық мектепке қатысқан болатынмын, бүгінгі таңда да алдағы іріктеу емтихандарына дайындалу үстіндемін, - дейді Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның оқушысы Нұрали Смағұлов.

- Бірінші немерем Әлішер Мақажанов осы мектепте 8 сыныпта оқиды. Кіші немерелерімді де жетектеп осы мектеппен жете таныссын деп Ашық есік күніне әкеліп отырмын. Балалардың болашағы үшін өңірімізде осындай мектеп барына қуанамыз. Енді кейінгі немерелерім де осы мектепте білім алса деген ниетіміз бар, -дейді ата-ана Дәмелі Мақажанова.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Білім