Бұл туралы Ұлттық Олимпиада Комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Теміртау қаласындағы ел кубогында Аделаида Пчелинцева ел рекордын жаңартты, - деді баспасөз қызметінде. – Бұл спортшының Азия Ойындарынан кейінгі алғашқы жарысы. Сонымен қатар, ел кубогы алдағы әлем чемпионатына дайындық болып табылады.

Рекорд жаңартқан Аделаида Пчелинцева 50 метрді брасс әдісімен 31.55 секундта жүзіп өтті.

 - Біз уақытты жақсарту үшін жұмыс істедік, - деді Аделаида Пчелинцева. – Осы жарыстан соң әлем чемпионатына дайындық жалғасады. Кубоктік сында жіберген қателіктерді түзетіп, қайталамауға тырысамыз. Рекорд үшін әрине, қуаныштымын. Өзімнің оң жамбасыма келетін әдіспен халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Бұл үлкен қуаныш. Жалпы, маусым мен үшін жаман болған жоқ. Енді тұңғыш рет ересектер арасындағы әлемдік сынға қатыспақпын. Бұл мен үшін үлкен абырой.

Жүзу спортынан Қазақстан командасының бас бапкері Олег Вагизов желтоқсан айында болатын қысқа қашықтыққа жүзуден әлем чемпионатына елімізден төрт спортшы баратынын айтты. Олар – Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай, Александр Варакин және Аделаида Пчелинцева.

Еске салайық, Аделаида Пчелинцева 50 метрді брасс әдісімен жүзу бойынша 2018 жылғы Азиадада финалдық кезеңге өтіп, өнер көрсеткен болатын.

Оразбек Саяхат
Фото: olympic.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жүзу, Аделаида Пчелинцева, спорт