«Наш продукт» ЖК бөдененің еті мен сүрленген және қақталған жұмыртқасын шығарады.  Сүрленген  өнімнің өзі бірнеше түрге бөлінеді: қышқыл дәмді, көк қосылған, алқызыл.

- Облыста жұмыртқаны қақтау және сүрлеумен айналысатын адамдарды кездестірмедім, - дейді Евгения Шелудько.  -   Өндіріс көлемін үнемі арттырып отырамыз. Болашақта бұл кәсіпті одан әрі дамыту ойымызда бар.  Бұл құстар жылдам өседі. Қазіргі таңда жұмыртқалар инкубаторға салынған.  Әзірге 500 бөдене бар. Екібастұзда келісімшарт бойынша 20 сауда нүктесіне тасымалдаймыз. Сондай-ақ интернет арқылы тапсырыстарды қабылдаймыз.

Кәсіпкердің айтуынша, бөдене жұмыртқасының 20 данасы 500 теңге, 200 грамдық сүрленген бір банкасы 1200 теңге тұрады.

Бұл өнімнің  адам денсаулығы үшін  пайдасы зор. Яғни ағза жылдам сіңіріп, радионуклеидтер бөледі. Экологияның кері әсеріне төтеп беру үшін егде жастағы адамдар бөдене жұмыртқасын жегені дұрыс. Балалардың дамуына да оң әсерін тигізеді. Ойлау қабілетін дамытуға және диабет, буындар, қан қысымы сияқты түрлі дерттерге қарсы қолданады.

-  Балам әлі екіге де толған жоқ, - дейді  Евгения Шелудько.  -  Үй шаруасында отырған едім.  Биыл ақпан айында колледжде оқып жүрген кезде «Startup «Bolashak» бизнес жобалары байқауына қатысу туралы ұсыныс түсті. Іріктеу кезеңдерінің барлығынан өттім.  Енді жаңа жыл қарсаңында нәтижесі белгілі болады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Салима Истембекова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, кәсіпкерлік, бөдене жұмыртқасы