Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің меңгерушісі Ботагөз Темірбекованың айтуынша, аталған балабақша 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. 14 топта 38 педагог (28 тәрбиеші және 10 маман) еңбек етеді. Жаңа оқу жылында білікті мамандар мен тәрбиешілер көптеген жетістіктерге қол жеткізген.

- Мысалы, ортаңғы «Ә» тобының тәрбиешісі Гүлнұр Бекболатова қалалық «Жыл тәрбиешісі 2018» сайысына қатысып, «Шеберлік шыңы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталып 1-орынға ие болды, - дейді Ботагөз Темірбекова. - Сонымен қатар бейне сабақтар мен бейне дәрістердің «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде 3-орынға қол жеткізді. Балалармен оқу іс әрекетін STEM лего-технологиясы арқылы құрастырып, өте қызықты ұйымдастырады. Педагогтар STEM-оқыту әдістері: лего-құрастыру, робот техникасы және мульт-студия қолданады.   

Ағылшын тілі маманы Әлия Икрамова ұйымдастырған оқу іс әрекеттерінде лего құрылыс, модульдік технологияны пайдаланады. Балалармен жеке дара жұмыс жасау нәтижесінде «Ә» даярлық тобының тәрбиеленушісі Жамбыл Нұрсаямен халықаралық «Бал бала» байқау фестивалі және республикалық «Звездный листопад» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған.

Хореография маманы Гүлжихан Шакенова даярлық «А» тобы қыздарымен «Нәзік» биін дайындап, «Бал бала» атты халықаралық байқау фестивалінің бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Торғын Хамитова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 жас балаларға арналған «Алтын асық» бағдарламасын әзірлеген.

Дене шынықтыру нұсқаушысы Рухат Ернарұлы түрлі шараларды хоп, жарқын түсті резеңкелер сияқты жаңа технологияларды қолдана отырып өткізеді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, балабақша