Шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Николай Дычко мен Арман Қани жобаның басталуымен құттықтап, жазушыларға сәттілік тіледі.

- Ақындарға күз көп әсер етеді, - дейді Жарқынбек Амантай. - Осы мезгілде ақындардың қаламынан көптеген туындылар жазылады. Өйткені күзгі ауа-райы  шабытты қозғап, көңілді толқытады.

Жарқынбек Амантай өлең жазуды мектеп қабырғасынан бастағанын айтады.

- Ақтоғай ауданындағы Қожамжар ауылының Тіленшин орта мектебінде оқып жүргенімде мұғалімдерім көп дүниені үйретті, - дейді ақын. - Кейін қалаға оқуға келгенімізде Арман Қани ағамыз көп жетеледі. Үйренгеніміз көп. Ғалымбек Жұматов, Асығат Тұрғанбек сияқты ағаларымыздың ере жүрген бауырларына бергені мол. Шығармашылық адам қалай болу керек, қоғамдық миссиясы қандай екенін түсіндірді. Соңғы уақыттарда ғаламтордың дамуы нәтижесінде еліміздегі өзге де ақындарды танитын болдық. Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Нұрғалым, Ықылас Ожай, Ақберен Елгезек сынды ағаларымызбен шығармашылық байланыстамыз.

Шығармашылық кеште автор жиналған жұртшылықтың назарына соңғы уақыттарда жазған өлеңдерін ұсынса, кешке қатысқан әдебиетке деген сүйіспеншілігі зор жастар ақынның туындыларын оқыды.

Айта кетейік, Жарқынбек Амантайдың алғашқы жыр жинағы 2006 жылы «Алла жар» деген атпен жарық көрген. Араға уақыт салып екінші кітабы жуырда жарық көрмек.

«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі Санира Жүсіпова жоба аясында алты ақынның шығармашылық кеші өтетінін атап өтті.

- Жобаны «Жас Отан» ұйымдастыруда, - деді Санира Жүсіпова. - Республикалық тізімге өңірімізден алты ақын өтті. Енді облысымыздың аудандары мен қалаларында алты кеш өткізіледі. Бүгін бірінші кеш Павлодар қаласындағы «Жас Отан» филиалындағы коворкинг орталығында ұйымдастырылуда.

Оразбек Саяхат

Фото: «Жас Отан» жастар қанаты Павлодар облыстық филиалы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, жыр, әдебиет