- Бидай өскінің қиып алып шырын жасаймыз, - дейді Татьяна Ивакина. – Бұл шырын 20 минуттай өмір сүреді. Сол кезде оны қатырып үлгеру керек. Өнім өзгеше дәмімен ерекшеленеді. Концентраттан смузи жасауға болады. Адамдар құлпынай, таңқурайдың иісіне және түрлі иістендіргіштерге үйреніп қалған. Біз тұтынушыларға банан, апельсин сияқты өздеріне ұнайтын дәмді қосуға мүмкіндік береміз. Еуропа мен Ресейде өте танымал тауар. Мұндай шырындар веган дәмханаларда ұсынылады.

Бидай өсіндісінің шырыны – витграсс ғаламшардағы ең пайдалы шырындардың бірі.  Өсімдіктің өркенінен алынатындықтан, құрамында глютен, яғни бидай желімшесі болмайды. Глютен бидай дәні қалыптаса бастаған кезде пайда болады. Бұл жаңа өнімнің емдік және сауықтыру тұрғысынан берер пайдасы зор.

- Өндірісті Астанада бастаған едік, - дейді кәсіпкер. - Биыл қаңтар айында Павлодар өңірінде ешбір қоспасы жоқ өнімдерімізді тұтынушыларға ұсынуды қолға алдық. Шалғам, рукола, күнбағыс және асбұршақ сияқты микроөсімдіктер арнайы жарықтандырылған және температуралық режимде сақталады. Салаттар мен тағамдарға қосуға болады. Дәмханалар мен мейрамханаларға, онлайн режимде саудалаймыз.

Иммуномодулятор саналатын шырынның 30 данасы 12 мың теңге тұрады. Ағзаны тазартып, аллергияға тосқауыл болады. Онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған 90 данасының бағасы - 36 мың теңге. Дертке шалдыққан жандарға акция бойынша 30 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Табиғи өнімді қабылдаудың нәтижесінде науқастардан алынған сараптама қорытындысы оңала түскенін көрсеткен. Балаларға үш жастан бастап езбе ретінде немесе табиғи шырынға қосу арқылы беріледі.

Гидропоника — өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада — қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісін қолға алған «Зеленая ферма» компаниясы тауарға деген сұраныс жоғары Өскемен, Шымкент, Ақтау және Атырау өңірлерінде филиалдарын ашуды жоспарлап отыр.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Салима Истембекова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, кәсіпкерлік, гидропоника