Ведомствоға қарасты жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов әзірге мұздың қалыңдығы орташа есеппен алғанда 5-7 сантиметрді құрайтынын айтады.

- Бүгінгі таңда өңірде мұз қату жүріп жатыр, - дейді Серік Шериязданов. – Мұздың қалыңдығы қауіпсіз деп есептеледі. Мысалы, Усолка өзенінде мұз берік емес. Өткен аптада осы су айдынында рейд ұйымдастырылды. Себебі әуесқой балықшылар мұздың үстіне шығуды бастаған. Сондықтан облыс бойынша 70-тен астам адамды қамтып, мұздың қауіптілігі бойынша алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да мұз толық қатқанға дейін сенбі-жексенбі күндері рейд жалғасын табады.

Маманның айтуынша, былтыр қыс мезгілінде мұздың қалыңдығы 50-63 см болған. Адам өміріне қауіп төндірмейтін қалыңдық деңгейі 15-20 см құрайды. Ауа қысымы - 20-25 градусқа төмендегенде мұз толығымен қалыптасады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы жұқа мұздың үстінен 15 адам құтқарылған. Оның ішінде алтауы - бала. 

- Қазіргі күні қатты аяз түсе қойған жоқ, - дейді Серік Шериязданов. – Сынап бағаны күндіз - 4 болса, түнде – 9 градус. Бір жерлерде мұз 5-7 сантиметр болса, ағын бар жерлерде жұқа болуы мүмкін. Сондықтан адамның салмағын көтере алмағандықтан опырылып кетуі ықтимал. Осыған байланысты балықшылардан мұздың үстіне шықпауды өтінеміз. Ата-аналар үйде балаларға жұқа мұздың үстінде ойнаудың соңы қайғылы жағдайға алып келетіні туралы түсіндіруі тиіс. Бұл тақырып бойынша мектептерде дәрістер ұйымдастырылады. Дегенмен былтыр балалар сабақтан кейін мұздың үстіне шығып кеткен жағдайлар болды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, оқиға, мұз