Корпоративтік коммуникациялар департаментінің мәліметінше, құрылған күннен бері жасақ Ұлы Отан соғысының ұрыстары өткен майдан даласына аттанып, шайқастарда жер жастанып, ұмыт болған талай жауынгердің есімін ел есінде жаңғыртуда. Өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыруда маңызды міндеттерді атқарып келеді.

«Майдан жолы» зерттеу жасағы Қазақстан электролиз зауыты базасында 2009 жылы құрылды. Алғашқы экспедициясын жасақ Ленининград облысының Синявинский төбелеріне «Мемориальная зона» іздестіру жасағымен бірлесе атқарып шықты. Ол тұста жасақ сапында сапарға зауыт пен мұражай қызметкерлері және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері аттанған болатын.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай Еуразиялық Топ ауқымды «Батырлар жолымен» – «Дорогой Славы» атты акция ұйымдастыру арқылы Синявинский төбелерінде өткен шайқастарда 314-ші атқыштар дививзиясы сапында Отан қорғап, қаза тапқан төрт павлодарлық жауынгерлердің рухына ескерткіш орнатты. Әрі жоба аясында Псков облысының Новоникольники қаласында сонау 1978-1979 жылдары батыр Әлия Молдағұлова мен Невель қаласында Мәншүк Мәметоваға қоладан қойылған ескерткіштер қалпына келтірілді.

10 жылдық мерейтой қарсаңында жасақ Ресей Федерациясының Волгоград облысының аумағында іздеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Экспедиция Сталинград шайқасының 75 жылдығына орайластырылған болатын. Бұдан бөлек, Павлодар қаласында алғашқы халықаралық «Іздеу – 2018» форумы ұйымдастырылды. Қазақстан мен Ресей аумағынан шеткері жасақтарды да түгел қамтып, жүзден астам қатысушы келді. Іздеу қозғалыстарының өзекті мәселелерді талқылауға Украина, Эстония мен Белорусь елдерінен келген делегаттар да белсенділік танытты.

Мерейтойлық салтанатқа Павлодар мемлекеттік педагогика университетінің мәжіліс залында өтті. Мерекеде іздестірушілер ісінің мәні мен маңызы баса айтылды. Қозғалысқа қосқан сүбелі үлесі үшін «Майдан жолы» жасағының 40-тан астам мүшесіне «Іздестіруге сіңірген еңбегі үшін» марапаты тапсырылды. Тағы он адам Павлодар облысы әкімінің алғыс грамоталарымен марапатталды.

– Павлодарлық «Майдан жолы» жасағына атқарып келе жатқан маңызды да мәнді істері үшін зор алғыс айтқым келеді, – деді Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ернұр Дәуенов марапат тапсыру сәтінде. – Мен сол 2009 жылы осы жасақтың құрамында Синявский төбелеріне барып, іздеу жұмыстарын атқарғанымды мақтан тұтамын. «Майдан жолы» жасағы жастарға патриоттық тәрбие беруде өнегелі іс атқарып отыр. Біздің міндет – Жеңістің кімнің арқасында және қалай келгенін еш уақытта естен шығармау. Осы Жеңіс күнін жақындату жолында жан қиған, кеудесін оққа тосқан ардагерлерімізді әрдайым жадымызда сақтаймыз.

Осы он жыл ішінде жасақ Ұлы Отан соғысында оққа ұшқан жауынгерлердің рухына 20 жаңа ескерткіш, стеллалар мен ескерткіш тақталар орнатты. Үш көлемді ескерткішті қалпына келтіріп, мектептер мен алаңдарға біздің батыр жерлестеріміздің аты берілді. Қан майданда қаза тауып, жат жерде қалған 240 жауынгер табылды. Іздестіру жасағы тапқан жәдігерлер – солдат медальоны, қару мен тұрмыс заттары Павлодардағы әскери даңқ мұражайы мен өзге руханият ордаларының қорын толықтырды.

– 10 жылда «Майдан жолы» жасағы мектеп оқушылары мен студенттерге тәрбие жұмысын жүргізетін өнегелі құрылымға айналды. Өйткені Отанды сүю оның тарихын терең зерделеуден басталады. Нәтижесінде өсекелең буын өзін жеңімпаздардың мұрагері сезініп, өткеннен тәлім алады. Алдағы жылы біздің қатарымызға Павлодар педагогика университетінің студенттері қосылмақ. Іздестіру мен зерттеу жұмыстары тұлғаның қалыптасуына ерекше ықпал ететін шара дер едім. Өйткені интернетте отырып, клип қарау кез келгеннің қолынан келеді. Ал, аталарының жорық жолымен жүріп өтіп, Отан үшін оққа ұшқан оғландардың тарихын шайқас алаңдарында зерттеу екінің бірінің қолынан келе қоймайтын жауапты іс. Ең қуаныштысы жасақ жұмысын Еуразиялық Топ жылдар бойы ұдайы қолдап келеді, – деді «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, «Майдан жолы» іздеу зерттеу жасағы