Аталмыш кітап облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарық көріп отыр. Ғалия Балтабайдың 70 жылдығына арналған кітап 1,5 айдың ішінде жазылып шыққан.

- Бұл менің 15-ші кітабым, - деді Ғалия Балтабай. – Кітабымда бала кезімнен бастап, мектептегі шағым, студенттік кезім, алғашқы қызметке орналасуым, сол кездердегі Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз қалаларындағы қызметім негізінен қалай өткендігі жайлы баяндалады. Кітапқа өмірбаяным, шығармашылығым, мен жайлы жазылған мақалалар және маған арналған өлеңдер енді. Бұл еңбек 1,5 айдың ішінде ғана жазылды. Өйткені мұның алдында Зара Қожахметова туралы кітап жазғанмын. Адам болғаннан кейін арман көп. Денсаулық мүмкіндік берсе, әлі де еңбектер жазуға болады.

Ақын, журналист, Қазақстан жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани Ғалия Балтабайдың облыстағы журналистиканы дамытуға үлкен үлес қосқанын атап өтті.

- Ғалия Балтабайды ондаған жылдардан бері білемін, - деді Арман Қани. – Жалпы, облыстың журналистикасын дамытуға атсалысқан қаламгерлердің бірі. Әсіресе облыстық радионың дамына үлкен үлес қосты. Өңіріміздегі тіл саясатын жүргізуге белсене қатысты. Түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшесі болып, қоғам белсендісіне айналды. Қоғам қайраткері ретіндегі, журналист ретіндегі түрлі еңбектері бар. Бүгінгі кітабында да жастарға үлгі-өнеге боларлық өмір жолдары жазылған деп ойлаймын.

Журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ақсу қаласының құрметті азаматы Светлана Қондыкерова кітап авторын күрескер журналист ретінде құрметтейтінін айтты.

- Ғалия Балтабай менің құрбым, әріптесім, - деді Светлана Қондыкерова. – Бүгінгі кітапта Ғалияның бүкіл жолы көрсетілген. Ол кәсіби журналист ретінде танылды. Алайда, мен оны күрескер журналист ретінде қадірлеймін. Өйткені ол қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуде күрес жүргізіп, елеулі еңбек сіңірді. Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза сияқты тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды.

Айта кетейік, танымал журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері Ғалия Балтабай 15 кітаптың авторы. «Өмір шыңы» – өз архивінде сақталып қалған қолжазбаларынан туындаған еңбек. Астана радиосында қызметте жүргенде талай мәрте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан алған маңызды кезеңдер жайлы дүниелері енген.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: