Бұл туралы полиция департаментінің ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында қылмыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Денис Лоскутов айтты.

- 14 қараша күні Достық ауылындағы дүкеннің маңында қарақшылық шабуыл жасалды, - деді Денис Лоскутов. - Қаскүнемдер медициналық бетперде киіп алып, қару қолдану арқылы темекі өнімдерін саудалаумен айналысатын ЖШС-ға тиесілі супервайзерге шабуыл жасаған. Қылмысты ашу үшін облыстық полиция департаментінің жеке құрамы толығымен жұмылдырылып, ресми топ құрылды. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен 34, 36 және 48 жастағы үш адам ұсталды. Олардың барлығы облыс тұрғындары. Аталмыш факті бойынша алдын алу-тергеу шаралары өткізілуде.

Полиция полковнигінің айтуынша, аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер алдын ала жоспар құрған. Экспедиторлардың соңына түсіп, бірнеше күннен бері маршрут бағытын, қандай дүкендерге баратынын бақылаған. Бұдан кейін адам жүрмейтін жерді таңдап алып, шабуыл жасаған. Нәтижесінде 8,5 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Полиция қызметкерлерімен ұсталған кезде бұл қаражат алынып, иелеріне қайтарылды.

Санкция бойынша қару қолдану арқылы қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топ 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

- Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 192-бабына сәйкес тергеу жүргізілуде, - дейді басқарма бастығының орынбасары. – Қарақшылар травматикалық тапаншамен қорқыту арқылы машинадағы ақшаны тартып алған. Зардап шеккен екі супервайзер 1993 жылғы және 1976 жылғы азаматтар. Арнайы тауар сақтауға жабдықталған газель көлігімен тауар тасымалдаған. Күдіктілер өз кінәсін мойындады. Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Бұған дейін ешқайсысы сотты болмаған. Олардың біреуі бұрын осыған ұқсас шылым өнімдерін саудалайтын ЖШС-да жұмыс істеген және супервайзердің жұмысын білген.

Айта кетерлігі, бұл биылығы жылы жасалып отырған алғашқы аса ауыр қылмыс.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, оқиға, қылмыс, полиция