Өтпелі матчтар өткізу ережесіне сәйкес, командалар құрамдарында шетелдік футболшылардың саны үш адамнан аспауы тиіс. Сол себепті Шымкенттің «БИІК» стадионында «Ертістің» көшбасшы ойыншыларының бірі Милош Стаменковичке жасыл алаңнан орын табылған жоқ. Оның орнын Руслан Есімов басты. Сонымен қатар, жарақаттарына байланысты бұл кездесуге қақпашы Никита Калмыков пен шабуылшы Абель Камара қатыса аламады. Соның салдарынан Павлодар футбол мектебінің түлегі Арман Смайыловтың бірінші минуттардан ойынға қатысудың реті туды. Айта кетейік, Арман бұл кездесуде тәуір өнер көрсете білді.

«Ертіс» сапындағы өзгерістерге қарамастан, павлодарлықтар жеңіске оңай жетті. «Қыран» көпшілік күткендей біздің командаға тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Бірінші минуттардан-ақ павлодарлықтар ойын тізгінін қолға алып, өздерін алаңдарында ойнап жатқандай еркін сезінді. Шымкенттіктер қателіктерге жиі жол беріп, «Ертістің» дегеніне жетуге жол ашты.

Командамыз тез арада есеп ашты: Карлуш Фонсека айып алаңына допты әуелете жеткізіп, қарсыластың қателігінен кейін Родриго допты торға түсірді – 0:1. Екінші гол да шымкенттік қорғаныстың қателігінен орын алды. Гол авторы Кирилл Шестаков.

Үзілістен соң командамыздың есептегі басымдығы 3:0-ге жетті. Осы жолы шымкенттіктер допты өздерінің қақпаларына соғып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Үш бірдей жауапсыз гол соққан «Ертіс» Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалуға зор қадам жасады.

Қос қарсылас арасындағы қарымта ойын Павлодарда Орталық стадионда 20 қараша сейсенбі күні өтеді. Матчтың басталуы сағат 15.00-де.

Айбек Жұматов

Фото: «Ертіс» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, футбол, премьер-лига, ҚПЛ