Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Орталық мемлекеттік органдарды тексеру қорытындысы көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілер еңбек заңнамасына сай бекітілген 8 сағаттық жұмыстан тыс жұмыс орнында қалуды жалғастыруда. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінде қызметшілердің артық жұмысының жалпы уақыты 4 970 сағат, Денсаулық сақтау министрлігінде 3 100 сағат, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 552 сағат болғаны анықталды», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің бас маманы Айнұр Еңсегенова Астанада өткен комиссия отырысында.

Оның айтуына қарағанда, артық жұмыстан бөлек кейбір мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің демалыс уақытында жұмысқа шыққаны да анықталған. Оның үстіне мемлекеттік қызметкерлердің ақпаратына сәйкес, артық жұмысқа жұмылдырғаны үшін оларға ешқандай өтемақы берілмеген. Айта кетерлігі, бұл үшін лауазымды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Айнұр Еңсегенова жұмыс кестесін таңдау туралы министрліктердің қызметкерлеріне жүргізілген сауалнаманың қорытындысын таныстырды.

«Сауалнама қорытындысына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігіндегі қызметшілердің 14 пайызы жұмысты 08:30 уақытында бастауды қолайлы көреді. Сонымен бірге, қызметшілердің 28 пайызы түскі ас уақытын бір сағатқа қысқартуды қалайтындарын айтқан. Ал қалған 60 пайызы жұмыс уақытын қазіргідей сағат 09:00-18:30 уақытында қалдыруды қалайтын болып шықты. Ауыл шаруашылығы мен Ұлттық экономика министрлігінің қызметкерлері де дәл осындай жұмыс кестесін жөн көреді», - деді Айнұр Еңсегенова.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев мемлекеттік органдарда қызметкерлерге жұмыс уақытынан тыс артық жұмыс істету мәселесімен қалай күрес жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзіне сенсек, министрліктерде компьютерлерді автоматты түрде өшіру тәртібі орнатылғанымен, бұл шара айтарлықтай көмектеспей жатқан көрінеді.

pavlodarnews.kz

Тэги: