Кездесу кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік өкілі 2018 жылы атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдымыздағы жоспарларын айтып өтті.

- Биыл 1880 адаммен кездесу өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшелігіне 520 адамды қабылдадық, - дейді Болат Заутұлы. - Сонымен бірге, Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарына барып, ондағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Біз ондағы халықты Қазақстанның көші-қон саясатымен таныстырдық. Жасалған сараптама нәтижесінде Қазақстанға көшуге ниетті отбасы өте көп екені анықталды.

Болат Заутұлының айтуынша, соның нәтижесінде мамыр айы ішінде Монғолияның Қобда аймағынан 110 адамнан тұратын 32 отбасы Павлодар облысына көшіп келген.

Кездесу барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы облыс әкіміне "Оралмандар мен қоныс аударушыларға ақпараттық, құқықтық, кеңес беру-іскерлік орталығын" құру жөнінде ұсыныс айтты.

- Бүгінгі күні Павлодарда этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері оралман мәртебесін алғанға дейін тұруға арналған уақытша орналастыру орталығы бар, - дейді Болат Заутұлы. - Алайда, қоныс аударып келген этникалық қазақтар мәртебесін алу үшін Павлодарға келмей, құжаттарын тұрғылықты жерлері бойынша ХҚКО-ға тапсыратындықтан бұл орталық жұмысын ережелерге сай жүргізе алмауда. Заңнамаға сәйкес, облыс әкімі шешімімен мұндай орталық құруға мүмкіндік бар.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік филиалы шетелдегі қазақ жастарының Қазақстан жоғары оқу орындарында оқытуға да атсалысуда. Мәселен, қауымдастық Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы ПМУ-іне 77, ИнЕУ-іне 25, ПМПУ-іне 47, «Foundation» факультеттеріне Қытай, Өзбекстан, Монғолиядан 149 студент мемлекеттік грант бойынша, сондай-ақ жеті студент ақылы түрде, барлығы 156 студент қабылданып оқуын жалғастыруына қолдау көрсетіп келеді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Болат Бақауов, Болат Заутұлы, оралмандар